Халық композиторы, әнші Мұхит Мерәліұлының 180 жылдығына арналған «Ән құдіретін асқақтатқан Мұхит сал» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы ақпараты

 

Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы, Қаратөбе ауданы әкімшілігі қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығы, аудандық мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен  «Ән құдіретін асқақтатқан  МҰХИТ САЛ» республикалық әншілер байқауы 24-26 тамыз аралығында өткізілді.

Байқау мақсаты - Мұхит Мерәліұлының есімін мәңгі есте сақтап, дәстүрлі ән мектебінің ұлы көшін үзбей, кеңінен насихаттау, республикамыздағы әншілердің кәсіби деңгейін шыңдау, өнер әлемінде жаңа есімдер ашу.

Байқауға Алматы, Ақтау, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Батыс Қазақстан облысы аудандары және Орал қаласынан 18-45 жас аралығындағы 17 әнші қатысты.

24 тамызда Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында байқау үміткерлерінің жеребе тастау рәсімі оздырылып, қазылар алқасы таныстырылды.

Байқауға республикаға танымал мәдениет қайраткерлері, кәсіби дәстүрлі әншілерден құралған қазылар алқасы:  «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, «Құрмет» орденінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Какимов Қайрат Сайлауұлы /қазылар алқасының төрағасы/, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, дәстүрлі әнші Жанпейісова Сәуле Стаханшылқызы /Алматы қаласы/, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Мұхит» қоғамдық қорының директоры, әнші-термеші Рахметжанов Сағадат Ғабдынасырұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Айтбаев Ербол Хамитұлы /Павлодар қаласы/, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы, «Халық әні» кафедрасының оқытушысы Ислямғалиев Армат Жұбайұлы, республикалық әншілер байқауларының лауреаты, Құрманғазы атындағы саз колледжінің «Дәстүрлі ән» бөлімінің оқытушысы Абдрахманов Серік Сабитұлы қатысушыларды бағалады.

25 тамыз күні байқау Қаратөбе ауданының мәдениет үйінде басталды, ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев құттықтау сөз сөйлеп, үміткерлерге сәттілік тіледі.

Байқаудың І-ІІ-III кезеңдері және галаконцерт оздырылды.

Байқау шарты бойынша қатысушылар бірінші кезеңде Мұхиттың кең диапазонды туындысын және халық композиторларының бір әнін, келесі кезеңде жеребе бойынша әр өңірдің әндерінің ішіндегі 7 әннен 1/бір/ ән шырқады. Соңғы шешуші кезеңде ең үздіктер өз бақтарын сынап, Мұхит стиліндегі жоғары диапазонды «Айнамкөз», «Паңкөйлек», «Гүлжан сары», «Көк айдай», «Үлкен айдай», «Кіші айдай», «Дүние-ау» әндерінің ішінен өз қалаулары бойынша 1/бір/ ән орындады.

Республикалық әншілер байқауының жүзден жүйріктері анықталып: БАС жүлде - Нұрым Асқанов /Ақтау қаласы/, I орын - Дәуренбек Слямғали /Павлодар облысы/, II орын - Ідірбай Байбақты /Атырау облысы/, II орын  - Нұршат Исламғалиев /Қаратөбе ауданы/, III орын - Қайратбек Бектұрсын /Алматы қаласы/, III орын - Фатима Серікбаева /Атырау қаласы/, дипломанттар: Алида Хуанова /Атырау облысы/, Армат Алдамжаров /Сырым ауданы/, Алғыс хаттар: Дауылбаев Аманжол /Атырау облысы/, Ермекбаева Аққу /Маңғыстау облысы/, Мұхамбет Сандуғаш /Ақтау қаласы/, Адай Әзімхан /Ақтау қаласы/, Нұртуған Ұлдана /Қызылорда облысы/, Рауан Абилбаев /Алматы қаласы/, Дархан Қажғалиев /Сырым ауданы/, Алдамжаров Армат /Сырым ауданы/, Жамбылов Мерлан /Орал қаласы/, Нұралы Айтуғанов /Бөрлі ауданы/ марапатталды.

26 тамыз күні байқау үміткерлері мен қонақтары Мұхит ауылына аттанып, баба бейітіне зиярат етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Кейін Саралжын ауыл мектебіндегі Мұхит Мерәліұлының мұражайында көптеген рухани дүниелерді тамашалады. Ауыл тұрғындары мен қонақтарға мерекелік концерт қойылып, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, дәстүрлі әнші Жанпейісова Сәуле Стаханшылқызы елге деген сағынышын білдіріп, арнайы әнін шырқады. Қашанда алты Алашқа ән оздырған Мұхит Мерәліұлының мерейтойы талантты жас әншілерге жол ашып, өнер әлеміне бағыт береді. Мұхит мұрасы мәңгі жасай берсін!