Эпик жыршы Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығына арналған мәдени шара

 

  ҚР Тәуелсіздігінің  30 жылдығы аясында Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Марабай Құлжабайұлының мұрасын кеңінен зерттеу, насихаттау, есімін мәңгіге сақтау, Батыс Қазақстан жыраулар мектебінің негізін дамыту, қалыптастыру мақсатында ү.ж. 14-15 қыркүйек күндері мәдени шаралар оздырылды. 

14 қыркүйек күні Достық үйінде жыршының 180 жылдығына арналған  «Марабай тағылымы» республикалық ғылыми-танымдық конференциясы өтті. Республикалық конференцияны Батыс Қазақстан  облысының мәдениет басқармасының басшысы Сайран Темірғалиұлы Дүйсенов құттықтау сөзбен ашып, «Марабай таным» жобасы аясында экспедициялық жұмыстармен айналысу, жүйелеу, ғылыми негіздеудің бағытына пәрменді үлес қосқан марабайтанушыларды Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов атынан Алғыс хатпен  марапаттады.

Ғылыми - танымдық конференцияда Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтау қалалары және Батыс Қазақстан облысының елімізге танымал фольклортанушы ғалым, доцент, профессор, жыршы, өнер зерттеушілері, оның ішінде: ««Марабай таным» іс-шаралары мен мәселелері» тақырыбында ҚР Журналистер Одағының мүшесі, өнер зерттеуші Нұрлан Қуанышұлы Сәдір, «Жайықтың жыр қайқысы - Марабайдың ақындық дәстүрі мен жидашылық үлесі» тақырыбында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Роза Қазиқызы Мұхамбетқалиева, «Батырлық жыр-эпостардың тәрбиелік, танымдық рөлі. Жыр-эпостарды оқу-тәрбие ісінде пайдалану мәселелері» жөнінде арнайы Нұр-Сұлтан қаласынан келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің профессоры, жыршы, өнер зерттеушісі Алмас Нұрмаханұлы Алматов, «Жырау, жыршылардың тарихи рөлі. Жырау феномені» тақырыбында Ақтау қаласынан келген ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Филология ғылымдарының докторы, профессор Бибайша Ілиясқызы Нұрдәулетова, «Эпикалық дәстүр:тыңдаушы, орындаушы, эпикалық орта мәселесі» тақырыбында Алматы қаласынан келген 

Халықаралық ТҮРКСОЙ-дың «Мұрагер», «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, фольклортанушы ғалым, доцент, эпик жыршы Берік Мырзаұлы Жүсіпов, «Марабай Құлжабайұлы мұрасы:жыршы-жыраулығы, импровизаторлық-айтыскерлік-ақындық қуаты және бүгінгі кезеңмен рухани сабақтастығы» тақырыбында ҚР Педагогика ғылым Академиясының академигі, педагогика ғылымының докторы,профессор, ҚР Журналистер одағының мүшесі Абат Сатыбайұлы Қыдыршаев, «Марабай және Батыс Қазақстан аймағындағы жыраулық дәстүр» тақырыбында Алматы қаласынан келген ҚР Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, жыршы, өнертанушы Күнқожа Қайролла баяндама жасады. 

         Конференцияға арнайы шақырылған қонақтар мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ  баба тойының барлық мерекелі шараларына жыраудың ұрпақтары: Қарлығаш Тоғайбайқызы, Марат Қаршығаұлы, Ардақ Ғұсманқызы қатысты.Сонымен бірге Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Нәжімеденұлы Есқалиев эпик жыршының 180 жылдығына арналған мәдени шаралар салтанатына Нұр-сұлтан, Алматы, Ақтау қалаларынан арнайы ат басын тіреген елімізге танымал фольклортанушы, ғалым, доцент, профессор, жыршы, өнер зерттеушілерін қабылдап, ел атынан алғысын айтып, құрметін білдірді.

         Сол күні Х.Бөкеева  атындағы қазақ драма театрында  Бөрлі аудандық демалу орталығы жанынан ашылған халықтық «Мұрагер» театры ҚР Журналистер Одағының мүшесі, өнер зерттеуші Нұрлан Сәдірдің «Марабай» музыкалық-драмалық композициясын сахналады.

Композициялық қойылымға Батыс Қазақстан облысының мәдениет  басқармасы басшысы Дүйсенов Сайран Темірғалиұлы және  арнайы келген игі жақсылар қатысып, тамашалады.

Бөрлі ауданы әкімдігінің қолдауымен көпшілікке рухани сый тарту жасалды. Дала дарабозы Марабайдың  музыкалық-драмалық ғұмырын танытуға «Қазақ елінің үздік ұстазы», «Өнер майталманы» төсбелгілерінің иегері, халықтық «Мұрагер» театрының режиссері Әсел Нағымқызы Молдағалиева, суретші  Нұрлан Ізімғалиұлы Уразгалиев, музыкамен әрлеуге Алдаберген Аймағамбетов, Марабай рөлінде - Кеңесары Болғанбаев, Ыбырай рөлінде - Өтепберген Қарасаев, Марабай жыраудың ізін жалғаушы жас бала - Жарқынбек Шынтаев, көпшілік рөлдерде театр артистері: Зәуре Иргалиева, Айболат Какимов, Ернар Төлеуов, Эльдар Құдабаев, Альбина Жолсарина, Айжамал Нажимова, Наргиза Қажыгерей, Виктория Суханова, Ерасыл Мәлік жұмыстанды. Музыкалық-драмалық композиция соңында сөз шайыры Светқали Нұржан ықыласын білдіріп, Марабайдай дала рухына бас игізді.  Бөрлі ауданы әкімі атынан ықылас гүлі ұсынылды.  

          15 қыркүйек күні Теректі аудандық әкімдігінің қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығы, Теректі аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру мен спорт бөлімі және Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы ұйымдастыруымен Теректі аудандық мәдениет үйінде  «Жыр дүлдүлі - Марабай» аймақтық-республикалық жыршылар байқауы өтті.

Жыраулық құдіретімен елдің рухын биіктеткен Марабай Құлжабайұлының есімін мәңгі есте сақтау, сонымен қатар республиканың батыс өңіріндегі кенжелеп қалған жыраулар  мектебінің  негізін дамыту, өнер әлеміне жаңа есімдер ашуды мақсат еткен шара басында  арнайы келген қонақтар баба рухына тағзым етіп,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері , «Парасат»  орденінің иегері, Қазақ Ұлттық өнер универститетінің профессоры, жыршы, өнер зерттеушісі Алмас Нұрмаханұлы Алматов пен  ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, ақын, әнші-термеші Қатимолла Жәңгірұлы Бердіғалиев ескерткішіне гүл шоғын қойды. Байқаудың ашылу салтанатында Теректі ауданы әкімі Арман Кәрімұлы Өтеғұлов құттықтау сөз сөйлеп, сәттілік тіледі.

         Жыр байқауында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан: Малика Алдамжарова (Қызылорда облысы Қармақшы ауданы), Марат Сүгірбай (Қызылорда облысы Қазалы ауданы), Өмірхан Жетесов (Ақтөбе қаласы), Күнсұлу Түрікпен (Қызылорда облысы Қармақшы ауданы), Сәкен Жанғазиев (Орал қаласы), Еркебұлан Олжағали (Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы) сынды дүлділдер жеребе арқылы сынға түсті.

         Байқау үміткерлерін өнер мен мәдениет майталмандарынан құралған қазылар алқасы: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақ Ұлттық өнер универститетінің профессоры, жыршы, өнер зерттеушісі Алмас Нұрмаханұлы Алматов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, ақын, әнші- термеші Қатимолла Жәңгірұлы Бердіғалиев, Халықаралық ТҮРКСОЙ-дың  «Мұрагер», «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты,  «Құрмет» орденінің иегері, фольклортанушы ғалым, доцент, эпик жыршы Берік Мырзаұлы Жүсіпов, ҚР айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының мүшесі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының оқытушысы, жыршы, өнертанушы Күнқожа Қайролла, БҚО бойынша танымал жыршы, термеші, республикалық жыршылар байқауының лауреаты Фархад Оразов бағалады. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде жыр басы мен “Қыз Жібек” міндетті түрде айтылса, екінші кезеңде үміткерлердің өз қалаулары бойынша жырлар  орындалды..

Байқау қорытындысы бойынша БАС ЖҮЛДЕ –  Күнсұлу Түрікпен /Қызылорда облысы /, I орын иегері – Сәкен Жанғазиев /Орал қаласы/,

II орын иегері – Марат Сүгірбай /Қызылорда облысы/, III орын иегері – Өмірхан Жетесов /Ақтөбе қаласы/, дипломант иегерлері: Малика Алдамжарова /Қызылорда облысы/, Еркебұлан Олжағалиға /Батыс Қазақстан облысы/ бұйырды. Жеңімпаздар арнайы диломмен, ақшалай және кәдесыйлармен марапатталды.