Құдай өзі Құрамысқа би берген,

Би өнерін туа сала үйренген.

Осы өнердің бағындырған биігін,

Ғашық болып жан-тәнімен сүйгеннен...

Құрамыс Берғалиұлы Ғаббасов биыл тірі болғанда 85 жасқа толар еді.

Ол 1937 жылы 23 ақпанда бұрынғы Жалпақтал ауданында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте қалып, Чапай ауданының Мергенев балалар үйінде тәрбиеленген. 1958 жылы Алматы хореография училищесін тамамдағаннан соң, Абай атындағы академиялық опера және балет театрына артист болып қабылданған. 1966 жылы Орал қаласына оралады. Облыстағы ұлттық хореографияның орындалу шеберлігінің және көркемдігінің жоғарылау деңгейі  Құрамыс есімімен тығыз байланыста болғанын жақсы білеміз. 1967 жылы ол халық би ансамблі «Уралочкамен» жұмыс жасап, үлкен шығармашылық қарымы мен мүмкіндіктерін көрсетті. Ол ұлттық өнердің қайта дүниеге келу идеясын іске асыруға ұмтылып, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының қоғамдық мамандыққа даярлау факультеті базасында 1974-1977 жылдары «Ақ Жайық», «Бипыл» жастар ансамблін ұйымдастырды. Бірақ өз ойының толық жүзеге асуы «Ақ Жайық» ансамблімен тікелей байланысты және оған бастамашылық етті.

Қ.Б.Ғаббасов  ұжымның әрбір жаңа кезеңіне  дұрыс шығармашылық бағыт сілтеп отырды: жаңа  идеялар тапты, репертуарды өзгертті, жергілікті авторларды ынтымақтастыққа шақырды, шеткері  жатқан жерлерден  жаңа орындаушылар іздеді, музыкамен сүйемелдеу  әдістерін  өзгертті, сахналық бағдарламаға  батыл түрде  халықтық кейіпкерлерді,  фольклорлық  салт-дәстүрді, ойнақы элементтерді енгізе білді. Ұжымның бай шығармашылық өмірі жетекшінің үлкен келешектік мәселелер қоюы арқылы жүзеге асты, оның шығармашылық деңгейін дамыту үшін  республиканың ең үздік режиссер, суретші, балетмейстерлері мен оранжировка жасаушыларын қойылымдық жұмыстарға  тартты, ансамбльді ірі облыстық және республикалық  мәдени шараларға әзірлеп, Қазақстан мәдениетін тыс жатқан жерлерге  таныстырды. Қ.Б.Ғаббасов қол жеткен жетістіктері және шығармашылық табысы үшін 1988 жылы «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген қызметкері» атағына ие болды.

Қарлығаш Құрамысқызы: «Би өнерінде әр ұлттың мінезі бар»

Құрамыс Ғаббасов би өнеріне жастайынан бейім болған. Тәңір берген талантының арқасында ел қошеметіне бөленген жан. Тірі болғанында биыл 85 жасын тойлар еді. Шүкір етері, талантты ұлдың ұрпақтары өнерден алыс емес. Солардың бірі Қарлығаш Құрамысқызы. Ол халық шығармашылығы орталығы жанындағы үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамбілінің жетекшісі. Алманың ағашынан алысқа түспейтіні секілді, Қарылғашта кішкентайынан әкесі Құрамысқа қарап бой түзеген.

  • Әкеміз би өнерімен шұғылданған. Ол өзінің қолтаңбасын қалдырған жан деп

есептеймін. 1974-1977 жылдары «Ақ Жайық», «Бипыл» жастар ансамблін ұйымдастырды. Сөйтіп, ойын толық жүзеге асыруы үшін «Ақ Жайық» ансамблін құрып, басшылық етті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей әкемнің би өнерімен шұғылданғаны кішкентай кезімде мені шабыттандырды. Есейе келе осы өнерді таңдадым. Бұған өкінген емеспін. Өйткені, жан қалауым осы би өнері болды. Шүкір, бүгінгі таңда би өнеріне бейімі бар шәкірттерімді тәрбиелеудемін. Жалпы, би өнерінде әрбір ұлттың мінезі бар.  Сонымен қатар би адамның болмыс-бітімінің әдемі қалыптасуына септігін тигізеді, -деді Қарлығаш Құрамысқызы.