Облыстық халық шығармашылығы орталығының қолдауымен «Атамекен» өнер орталығында «Сүмбіле» шығармашылық бірлестігінің таныстырылымы өтті. Олар Орал шаһарында 2021 жылдың 8 желтоқсанында құрылды. Бірлестік құрамында 8 қыз бар: М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері: Айна Даутова, Ақжүніс Насиева, Нұршат Тұрсынхан, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Айназ Есекеш, Ақгүлім Ерболова, Кәмила Аманова, Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің оқушысы Ақжібек Сағынбай, С.Сейфуллин атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Нұрдана Темір. Кеш барысында Қ.Мырза Әли, А.Бақтыгереева, Т.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова, М.Мақатаев, О.Сүлейменов, Ұ.Есдәулет, Е.Раушанов, А.Елгезек, Б.Қарағызұлы, А.Тәбаракқа қоса, С.Есенин, А.Датешидзенің (аударған Шынар Әбділда) туындыларын оқыды.

Кеш қонағы Атырау қаласынан келген «Бесеудің хаты» шығармашылық тобы өлеңдерін оқып, сыйлықтарын тарту етті. Кеш соңында облыстық мәдениет басқармасының басшысы С.Дүйсенов, Теректі ауданы әкімінің орынбасары Т.Ғабдушев өнерсүйер қауымға тамаша кеш сыйлаған «Сүмбіле» шығармашылық бірлестігінің қадамына сәттілік тілеп, Алғыс хатын табыс етсе, ақын Талап Таймасұлы ақын қыздарға ақ батасын берді.