Жас өскіннің жайқала да жайнап өсуі оның жан-жағына және оған жасалған жағдайға байланысты. Сол секілді, өскелең ұрпақтың келешек өмірі үлкен буынның тәлім-тәрбиесімен, білімімен, нұсқаған бағыт-бағдарымен өлшенсе керек. Бүгінде балапан сынды әр балдырғанның қыран болып қалықтауы жолында жұмыс істеу – ортақ борышымыз.

Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны баршаға белгілі. Ол: «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп, барлық сала алдына балалардың дамуы үшін жасалуы тиіс бірнеше міндет қойған болатын. Осыған орай, мәдениет саласында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, мен қызмет ететін Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы жыл басынан балаларға өнерін өркендетуге мол мүмкіндік сыйлап, көңіл бөлуін күшейту үстінде. Себебі айрықша атауы бар бұл жылдың лайықты ұйымдастырылуы ләзім.

Мен өңірдегі бәсі биік, өзіндік қолтаңбасы бар осы мәдениет ошағының жас маманымын. Қызмет қылғаныма көп болмаса да, көлдей жұмыстың куәсі болып жүрмін. Бұл жердегі тәжірибелі мамандармен мықты болмау мүмкін емес. Күнделікті қызу тіршілік: жүйелі жоспар, жоғары жауапкершілік, кездесетін кәсіби қиындықтар мен оны шешудің ұтымды жолын іздеу, биік деңгейді сақтауы тиіс бірнеше іс-шара мендей жас буынды дамытуда және ширатуда. Сөйтіп, шабыт беруде.

Біздің орталықтың бастамасымен оздырылған шаралар қашан да шырайын жоғалтқан емес. Себебі бір жобаның артында көптеген уайымшыл жүрек, қажыр-қайрат пен ұшқыр идея иелері жүреді. Мысалы, ауқымды өткен шаралардың бірі – облыстық «Балдәурен» балалар шығармашылығы фестивалі. Аймақтан 200-ге жуық бүлдіршін қатысқан өнер додасының дейгейіне қатысушылар да, көрермен де риза болғанын көрдім. Әуелете ән салып, мың бұрала би билеп, нақышына келтіре көркемсөз оқып, күмбір күйін тартқан ұл-қыздарды көргенде жанарың бал-бұл жанады. Жайық өңірінің шынымен таланттарға толы екеніне тағы бір мәрте көзің жетеді. Байқау барысында қатысушы әр баланың тәжірибе жинап, сахнаға кеңінен төселгені айқын көрінді.

Балалардың мерейін тасытқан тағы бір шара – «Баланы құттықта» республикалық челленджі. Облысымыздың танымал өнер иелерімен жүздескен балалар еркін сұрақ-жауап алмасады, көкейдегі ойларын қорытады. Соңында шара мейманы кішкентай ізбасарларын жүріп өткен жолы, орындалған асқақ армандарымен шабыттандыра түседі, тілегін арнайды. Бұл арнайы шара барысында өңірдегі бірнеше өнерпаз аға-апаларымыз белсенділік танытып, челлендждің өз деңгейінде өтуіне атсалысты. Танымды да тағылымы мол кездесулер көрініс тапты. Ең бастысы, балақайлар қанаттана түсті.

Ұлт мәдениетінің биік шыңы саналар би өнерінің орны орасан. Халық шығармашылығы орталығының жанынан құрылған «Қызғалдақтар» би ансамблі бүгінге дейін өз беделін сақтап келеді. Осы жылы аталған ансамбль есеп беру кешін өткізіп, өз көрермендерін қуантып тастады.  Әртүрлі топты қамтитын, облыс мерейін өзге мекендерде тасытып жүрген бишілер дара жолын әдемі қалыптастыру үстінде. Мерекелік концерттің сәтті өтуіне күллі ұжым болып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білдік. Осы тұста «Let’s dance» балалар би байқауы мен «Байқампаздар әлемі» танымдық бағдарламасының өткенін айтуға болады.  Өнер мен білімге деген қызығушылығы зор балалардың саны артып келе жатқанын осы байқаулар барысында байқадық.

Бұл биылдың жаз айына дейін облыстық көлемде өткізілген шаралар қатары, белгілі бір бөлігі ғана. Атқарылып жатқан басқа да істер аз емес. Менің жеке тәжірибемді ұштаған жұмыстар десем де болады. Бұлақ көрсе, көзін ашуға ұмтылған осындай мәдениет ортасына «Балалар жылына» дөп түскенімді бағым деп есептеймін. Себебі мен қызметке кіріскен уақытта ұжым аталмыш жылға орай жоспар жасақтап, қызу жұмысқа дайындалып жатқан еді. Жыл соңына дейін ғана емес, әрмен қарай да болам деген баланың белін бууға жігер жұмсай береріміз анық. Байқағаным, Президент пәрменімен жарияланған «Балалар жылы» кішкентай жұлдыздарымыздың яғни балалардың бойына сенім ұялатып, арманын асқақтата түскендей. Қабілет-қарымын жетілдіргісі келген балаға да, бойындағы өнерді байқап көргісі келген балаға да ерекше серпін беріп келеді.

Әр балғынның ішінде белгілі бір талант жатады. Тек оны сыртқа шығара білудің кілтін табу қажет, бұл оңай шағылатын жаңғақ емес. Яғни, балалармен жұмыс істеу ең қызықты әрі қиын мамандықтардың бірі дер едім. Балалар – елдің ертеңі, елтұтқасы. Ал өнер саласының жарқын болашақ үшін маңызы зор. Өнер арқылы бойға қазақы тәрбие сіңеді, жүрекке ұлтжандылық қасиеті тұрақтайды, адам санасы парасатқа тұнады. «Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» дейді дана халқымыз. Осы мұраны дәріптеп, дарынды балаларды дамытуға үлес қосу – мен үшін зор мәртебе. Халық шығармашылығы орталығымен тоғысқан тірлігімде, қызығы мен шыжығы мол еңбек жолымда асқан жауапкершілікті айрықша сезінемін. Алдағы уақытта жарқын жобаларды осы өнер шеберханасымен бірге жүзеге асыра бермекпін. Елімізде «Балалар жылы» секілді бақты еселер бастамалар іске асып, осы тектес тапсырмаларды бұлжытпай орындайтын біздің орталықтай бірлігі жарасқан ұйымдар көп болғай. Ал, «Балалар жылы» бәсі биік бастама болып жағасын таба бергей!

Аққу Русланқызы Самигуллина, Мәдени-демалыс ұйымдастыру                               бөлімінің әдіскері