Үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамблі 1994 жылы облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан Райхан Көжекешеваның жетекшілігімен құрылды. Ансамбль құрамында 60-тың үстінде /үлкен, орта, кіші топ/ бүлдіршін мен мектеп жасындағы өнерпаз қыз балалар тәрбиеленуде.
2006 жылы «Үлгілі» атағын қорғады. Жетекшісі - Қарлығаш Саматова.
Ансамбль репертуарында «Өрнектер», «Алтынай», «Қара жорға», «Кең дала», «Домбыра», «Қызыл алма», «Қуаныш», «Қояндар», «Пингвин» және өзге ұлттар билері кең көрініс табады.
Ансамбль көптеген халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда лауреат атанып, облыс мәдениеті мен өнерінің дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. 2002-2003 жылы Астана қаласының 10 жылдығына арналған Астана күні карнавалы, 2003 жылы Қазақстанның Ресейдегі жылында Самара, Саратов, Орынбор қалаларында, 2008 жылы Дагестан республикасы Махачкала қаласындағы ІІІ Халықаралық фольклор және дәстүрлі мәдениет фестивалінде өнер көрсетсе, 2005 жылы Түркияның Анталия қаласындағы «Фомгед» Халықаралық фестивалінің лауреаты, 2006 жылы Украина елінің Одесса қаласындағы Халықаралық «Созвездие моря» балалар фестиваль-байқауының Күміс жүлде, 2007 жылы Ақтау қаласындағы І Халықаралық «Біз - күн перзентіміз» балалар шығармашылығы фестивалінде ІІІ орын, 2011 жылы «Күз мереке» республикалық жасөспірімдер мен балалар шығармашылық ән-би байқауында Бас жүлде, 2013 жылы республикалық «Бұраң бел» би ансамбльдерінің байқауында дипломант, 2017 жылы Орал қаласындағы XY республикалық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестиваль-байқауында үлкен топ І орын, кіші топ ІІ орынды иеленсе, ансамбль жетекшісі Райхан Көжекешева «Үздік ұстаз» аталымын иеленді.
2018 жылы «Сиқырлы қыс өрнегі» мерекелік концертінде үлкен, орта, кіші топ бишілері «Боран», «Зверюшки», «Қызыл телпек», «Елочки», «Снеговики», «Зимушка зима», «Балапандар», «Потолок ледяной», «Снежинки», «Вальс», ал «Қызғалдақтар әлеміне саяхат» есеп беру концертінде «Кантри», «Өзбек қыздар», «Кең дала» және «Гүлдер» қазақ билерін көрермендеріне тарту етті. Сондай-ақ «Санта Клаус», «Елочки», «Иттер», «Ақшақарлар» және «Сылқылдақ», «Жайық өрнектері» , «Ақжелең» билерін халықтық «Ақжайық», «Назерке» би ансамблімен бірігіп, жаңа хореографиялық қойылымға қатысты. Аймақтық «Балауса» би байқауында «Жайық өрнектері» биімен жүлделі ІІ орынды иеленді.